К 30-летию Независимости Казахстана | 13 желтоқсан 15:36

Қаражанбас қызметкері «Құрметті құрылысшы» атанды

Еліміздің тәуелсіздік күні қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ жобалық-сметалық бөлімінің басшысы Асылбек Жаңбыршин «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды. Құрылыс саласына 38 жылын арнаған жұмысшыға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев адал еңбегі үшін алғыс айтып, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің марапатын табыс етті.

Асылбек Жаңбыршин 1964 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Таушық ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Алматы архитектура-құрылыс институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолын «Мангышлак сельстрой-12» тресіне қарасты «Жылжымалы механикаландырылған бағана-1204» мекемесінде 4-ші санатты тас қалаушы болып бастады.

2001 жылы «Қаражанбасмұнай» АҚ-на жөндеу құрылыс учаскесінің шебері болып жұмысқа орналасты. Кейін өндірістік құрылыс бөлімінің басшысы, соңғы 10 жыл көлемінде жобалау-сметалық бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол 100-ден аса жобалық-сметалық құжат жасап, кен орнындағы көптеген ірі нысандардың құрылысына атсалысты.

Үнемі ізденісте жүретін Асылбек Жаңбыршин жоба жасау кезінде жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді пайдаланады. Жұмыстың уақтылы, толық және талапқа сайорындалуын қатаң қадағалайды. Сондай-ақ ол жас мамандардың кәсіби өсуіне оң бағдар беріп келе жатқан тағылымды тәлімгер.

«Құрылыс саласы – менің өмірімнің негізіне айналды. Қай жерде қызмет етсем де, ең алдымен мамандығыма адал болып, әр жобаға ерекше жауапкершілік танытуды мақсат тұттым. Көп жылғы еңбегімді ескеріп, марапат табыстаған басшылыққа алғысым шексіз. Өндірісіміз өркендеп, еліміз қарыштап дами берсін!»,- дейді марапат иесі.