К 30-летию Независимости Казахстана | 28 қазан 16:30

Қаражанбас мәдени орталығында «Ұлым, саған айтам…» драмасы қойылды

Қаражанбастың алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанына 50 жыл толуына орай кен орнының мәдени-демалыс орталығында «Ұлым, саған айтам…» моно-драмасы сахналанды.

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыстың ұл тәрбиесіне арналған мағыналы қойылымы ІІ вахтаның еңбек ұжымына рухани азық болды.

«Ұлым, саған айтам…» – қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, ұрпақтар сабақтастығы мен адамгершілік қасиеттер жайлы терең ой қозғайтын, Бекжан Тұрыстың өз идеясымен дүниеге келген әсерлі туынды. Авторы – Бақыт Беделхан, ал режиссері – Асхат Маемиров.

Спектакльде әкелі-балалы актерлер Бекжан Тұрыс пен Мағжан Тұрыс ұмыт боп бара жатқан қазақтың салты, отбасыдағы әке мен баланың рөлін шынайы бейнеледі. Әке мен бала арасындағы диалог арқылы өмірдің мәні, адамдық ар-ождан және ұлттық болмыс туралы ойларымен бөлісті. Қойылым көрермендерге ата-бабаларымыздың өсиеттерімен өмірлік құндылықтарды терең сезініп, мәдени мұрамыздың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

 

Бір жарым сағаттық қойылымды мұнайшылар бір деммен көріп шықты. Спектакль соңында олар бекзат өнерге ұзақ соғылған қошеметпен шынайы баға берді.Жұмысшылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, рухани шаралар өткізу компания басшылығының назарында. Сондықтан көзі қарақты көрерменге ой салар қойылымдар жыл сайын сахналанып келеді.