ҚБМ жұмысшылары үшін жарыс жеңіспен басталды. Қол күрес бойынша 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде № 2 мұнай өндіру цехының инженері Мейрамбек Маңғыбаев үздік үштіктен көрінсе, 80+ келі салмақ дәрежесінде бу өндіру цехының машинисі Бақтияр Тілеубаев жеңімпаз атанды.
Зияткерлік қабілетті дамытатын тоғызқұмалақ ойынында №3 МӨЦ операторы Бернұр Ғабдірасылұлының асығы алшысынан түсті. Ол үздіксіз дайындық арқасында мықтылығын тағы дәлелдеп, І орынды жеңіп алды.
Ал командалық жарыстар арасындағы алғашқы жүлде арқан тарту сайысынан бұйырды. ҚБМ жұмысшылары 6 кездесуді сәтті аяқтап, ақтық сында ОСК командасына есе жіберді. Осылайша біздің жігіттер бұл жолы да күміс жүлдеге лайық деп танылды.
Тартысты өткен жарыстың бірі – шағын футбол сайысы. Жасыл алаңда 27 команда чемпиондық атаққа таласты. Ойындар барысында аяқдоп шеберлері түрлі әдістерді ұтымды қолдануға тырысты. Бәсекеге толы жарыс қорытындысына сәйкес, ҚБМ командасы үшінші сатыға тұрақтады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар табыс етілді. Жеңіс тұғырына көтерілген мұнайшылар қыркүйек айында Бурабайда өтетін суперфиналға жолдама алды.