Мұнай өндіру кен орындары төтенше жағдайлар пайда болу қаупі жоғары аймақтар қатарына жатады. Әсіресе қыс мезгілінде қауіп еселене түседі. Қауіпсіздіктің сақталуы – жедел бөлімшелердің дайындығына, олардың өзара байланысы және материалдық-техникалық базаның жабдықталуын толық бақылауға байланысты.
Тактикалық жаттығуларды өткізу үшін ҚБМ-ның азаматтық қорғаныс құрылымдарының 40-тан астам техникасы мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Хабарлау жүйесі мен күнтізбелік жоспар бойынша жиналудың нормативтік уақыты, азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары тексерілді. Апаттарды жою жоспары, жаттығулар өткізу журналы, сондай-ақ мердігерлік ұйымдардың дайындығы қадағаланды.
«Қыс мезгілінде төтенше жағдайға қарсы тұру оңай емес екені белгілі. Өтіп жатқан оқу-жаттығу аясында азаматтық қорғаныс құрылымдарының дайындығы пысықталып, техника мен құралдардың жеткілікті екеніне көзіміз жетті. Қыс мезгіліне сақадай саймыз», – деді ҚБМ басшылығы.
Оқу-жаттығу кен орнының жедел қызметтерінің қыс кезіндегі төтенше жағдайлармен күресуге және алдын алуға дайын екенін көрсетті. Қойылған міндеттер жоспарға сай орындалды.