К 30-летию Независимости Казахстана | 09 наурыз 15:43

Қаражанбас мұнайшылары тоғызқұмалақтан сынға түсті

Қаражанбас кен орнында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыстар тартысты жалғасып келеді. ІІ вахта ауысымының жұмысшылары бұл жолы ұлттық ойынды дәріптеу мақсатында зияткерлік спорт түрі – тоғызқұмалақтан сынға түсті. Өз цехының намысын қорғауға тырысқан мұнайшылар жарысқа белсенді қатысты.

Тоғызқұмалақ ептілік пен есепке жүйріктікті талап етеді. Қарсыласыңнан басым түсу үшін тез шешім қабылдап, әрбір қадамды нық басу қажет. Ойын кезінде бәсекелестік пен жеңіске деген ұмтылыс анық байқалды. Себебі әр кезең сайын епті қатысушылар іріктеліп, үздік деп танылғандар ақтық сында мықтылығын дәлелдеуге тырысты.

«Қаражанбас мұнайшыларының арасында тоғызқұмалақ ойнайтындардың көп екені қуантады. Қазақтың ұлттық ойыны болашақта шахмат пен дойбы сияқты бүкіл әлемге танымал болады деп үміттенеміз», – дейді мұнайшылар.

Сайыс қорытындысына сәйкес, материалдық-техникалық жабдықтау базасының инженері Нұрсұлтан Орақов ІІІ орынға ие болды. Мердігер мекеме жұмысшысы Оңғарсын Наурызбайұлы екінші сатыға тұрақтады. Ал барлық кезең бойы қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген №3 Мұнай өндіру цехының операторы Бернұр Ғабдірасылұлы І орын иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетейік, мерекеге арналған спорттық сайыстар наурыздың соңына дейін жалғасып, жеңімпаздар марапатталады.