Шапшаңдық пен ширақтық сыналатын үстел теннисі сайысында жиырмаға жуық мұнайшы бақ сынады. Ойыншылар кәсіби шеберлік көрсетіп, бір-бірінің рекордын жаңартуға барын салды. Нәтижесінде ОИТҚ инженері Қайрат Тулесинов үшінші орынға ие болды. Ал Аслан Төлегенов екінші орынға лайық деп танылды. Үстел теннисшілерінің арасынан бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасының слесарі Бекзат Шадкамның асығы алшысынан түсіп, жарыс жеңімпаз атанды.
Арқан тарту сайысына әр цех пен бөлімдерден нағыз білекті де жүректі жұмысшылары жиналды. Олар бұл жарыста ең маңыздысы күш емес, техника екенін жақсы біледі. Сондықтан қатысушылар жеңіске санаулы секундта жетуге тырысты. Қатысқан командалар арасынан газ цехының жұмысшылары үздік үштікті түйіндеді. Екінші орын №1 мұнай өндіру цехы командасына бұйырды. Ал көлік қызметкерлері қарсылас командалардан басым түсіп, бірінші орынға тұрақтады.
Шағын футбол – мұнайшылардың сүйікті спорты. Сондықтан аяқдоп шеберлері жарысқа ерекше дайындалып, цех намысын абыроймен қорғауды мақсат етті. Жанкүйерлердің ыстық ықыласы ойыншыларға рух пен жігер сыйлады. Қақпаға соғылған гол сандарына сәйкес, үшінші орынға мердігер мекеме жұмысшылары жайғасты. Ал №3 МӨЦ командасы күміс жүлдені қанағат тұтты. Жасыл алаңда жасындай жарқыраған технологиялық көлік департаменті жұмысшылары жеңіс тұғырына көтерілді.
Енді жұмысшылар жарысты волейбол ойынымен қорытындылайды. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі мұнайшылар мерекесі аясында өткізілмек. Айта кетейік аталмыш спорттық шаралар І вахта ауысымында да жалғасын табады.