К 30-летию Независимости Казахстана | 22 желтоқсан 11:11

Қаражанбас мұнайшысы – республикалық жарыс жеңімпазы

«Қаражанбасмұнай» АҚ  жүк тиегіш көлігінің жүргізушісі Орал қаласында өткен кір тасын көтеруден ҚР кубогінде үздік атанды. Спорт бәсекесі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. 95+ келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айдын Ахметов Маңғыстау облысының намысын абыроймен қорғады.

Айдын 10 жылдан бері кен орнында бесінші автотізбектің тиегіш көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Спортшы мұнай саласындағы негізгі қызметімен қатар, кір тасын көтерумен кәсіби деңгейде шұғылданып жүр.

«Кір тасын көтеру спортына Қаражанбаста өтетін жарыстар арқасында қызығушылық таныта бастадым. Әр жеңісіме жаттықтырушым әрі әріптесім – №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаевтың сіңірген еңбегі зор. Жұмыстан тыс спорттағы жетістіктеріме әрдайым қолдау көрсететін ҚБМ басшылығына алғысым шексіз», – деді Айдын.

Кір тасын көтеруден ел чемпионының алдағы жылға жоспары айқын. Ол енді Азия және Әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындалып жүр.