К 30-летию Независимости Казахстана | 09 ақпан 09:20

Қаражанбас мұнайшысы Мұқағалидың жүздеген өлеңін жатқа біледі

Бүгін, 9 ақпан – қазақтың ақиық ақыны, драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл. Бұл күн тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, шығармашылықты серік еткен әрбір жан үшін маңызды. Олардың қатарында «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылары да бар. Солардың бірі – ақынның жүзден астам өлеңін жатқа білетін бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасы өндірістік базасының операторы Сәкен Іздібаев.

Өндірістегі қарбалас жұмыс мұнайшының шығармашылық әлеміне саяхат жасап, өлең оқуына еш кедергі келтірмейді. Сәкеннің айтуынша, ақын қалам тербеген әр туындысына өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдырған. Оның жүрекке қонымды қарапайым поэзиясы қанша ғасыр өтсе де құндылығын жоғалтпайтыны хақ.

«Мұқағалидың ақындық қасиеті мен өлеңдерінің әсерлілігі ешкімдікіне ұқсамайды. Сондықтан маған оның жырларын жаттау қиын емес. Әріптестерім жұмыс арасында өлең оқып беруімді сұрайды. Мен де шалқар шабытқа кенеліп, жүрекпен жеткізуге тырысамын», – дейді Сәкен Іздібаев.

Мұнайшы Мұқағалидың туған жеріне арнайы барып, музейімен танысқан. Ақын мұрасын көзбен көрген Сәкен осылайша бір мақсатының орындағанын айтады. Төрт баланың әкесі тіпті ұлдарының біріне мұзбалақ ақынның есімін берген.