Президент мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі екенін атап өтіп,мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады. Бұдан соң мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Солардың бірі «Парасат» орденін иеленген «Қаражанбасмұнай» АҚ №1 мұнай өндіру цехының 5-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы - Сүйінғали Даржігітов. Ол өнегелі еңбек жолын 1985 жылы Қаражанбас кен орнында бастаған. Кәсіби білікті, тәжірибесі мол оператор 39 жыл бойы бір цехта, бір лауазымда табан аудармай қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде қара алтын игеру саласының қыр-сырын жетік меңгерген еңбек адамы мәртебелі мамандықты серік еткен жас мұнайшылар үшін тағылымды тәлімгер.