1987 жылы күзде Самараға құбырмен жөнелтілген мұнай жолда Жетібай, Өзеннің мұнайымен қоса айдалып, зауыттағы талдау нәтижесі бойынша самаралықтар мұнай сапасыз деген қорытынды шығарды. Бұдан соң мұнай министрлігі өнімнің 20-30%-ын ғана құбыр арқылы өткізіп, қалғанын танкермен Бакудегі өңдеу зауытына тасуға шешім шығарды. Сөйтіп, 1988 жылдан бастап мұнай сонда жол тартты. Қаражанбастың қою мұнайы оларға «оңай шағыла қояр жаңғақ» болмады. Сөйтіп, Баку зауыты бас-аяғы 8 айда істен шықты.
Сол кездегі Маңғыстау мұнай–газ бірлестігі бастығы Нұрлыхан Бекбосынов Маңғыстауда мұнай өңдеу зауытын салу мəселесін көтерді. Идея авторы жаңа зауытты Ақтауға жақын жерден салуды жəне ол тек Қаражанбас мұнайын өңдеуі тиіс деген ұсыныс білдірді.
Біраз жылды артқа тастап, 2013 жылдың 20 желтоқсан күні Ақтауда «CASPI BITUM» зауыты ресми түрде іске қосылды. Зауыт 8 айдан кейін мұнай өңдеу және өнім сапасы бойынша жобалық көрсеткішке жетті. Ал «Қаражанбасмұнай» АҚ 2016 жылдың наурызынан бастап қазірге дейін зауытқа мұнай шикізатын жеткізуші жалғыз мекеме. Қаражанбас кен орнынан шикі мұнай зауытқа түседі, қайта өңдеу кезінде өнімнің екі түрі – тазартылған мұнай мен битум алынады. Тазартылған мұнай құбыр арқылы экспортқа, ал битум ішкі нарыққа тасымалданады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қаражанбас кен орнынан ішкі нарық – «CASPI BITUM» БК» ЖШС-не мұнай жеткізу 853 000 тонна, жол битумын өндіру және жөнелту көлемі 357 000 тоннаны құрады. Компанияның Қазақстан нарығындағы битум үлесі - 38%.