Жарысқа 7 жастан жоғары облыс тұрғындары мен «Қаражанбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері қатысып жатыр. Барлығы 100-ге жуық ойыншы екі күн бойы бірнеше аталым бойынша өзара үздіктерді анықтайды.
Турнирдің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов, жеңіл атлетикадан КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмин Тұяқов және шахмат ардагерлері қатысты.
Олар өңірде зияткерлік қабілетті дамыта отырып, стратегиялық ойлауды жетілдіретін ойынға қызығушылар көбейгенін және үздік нәтижесімен Әлем назарына ілінген шахматшылар саны артқанын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир Швейцария жүйесі бойынша өтіп жатыр. Әр үміткер 9 кезең бойы жылдамдығы, ептілігі мен ой ұшқырлығын сынға салады. Қатысушылар арасында әуесқой ойыншылармен қатар тәжірибелі шахматшылар да бар. Олардың ойынын кәсіби білікті мамандардан құралған төрешілер бақылайды.