К 30-летию Независимости Казахстана | 18 қараша 09:20

Қаражанбас сайлауға сақадай сай

«Қаражанбасмұнай» АҚ басқармасы кен орнына жұмыс сапары аясында сайлау науқанын өткізуге дайындық жұмыстарын тексерді. Мұнайшылардың ыңғайлылығы мен азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету үшін кен орнында Түпқараған ауданына қарасты №236 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнда кабиналар, бюллетеньдерге арналған жәшіктер мен ақпараттық стендтер орнатылған.

Бұдан бөлек, Қаражанбасқа қызмет көрсететін серіктес мекемелер қызметкерлері үшін де барлық жағдай жасалған. Олар өз конституциялық құқықтарына сай, «ҚазТрансОйл» МҚБ аумағында орналасқан №259 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Бас директордың бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев сайлауалды дайындықпен танысып, жауапты қызметкерлерге шараны жоғары деңгейде, барлық нұсқамаларды ескере отырып ұйымдастыруды тапсырды. Жалпылай алғанда, сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға толық дайын.

 

Бұдан әрі басшылық вахталық кенттегі мәдени-демалыс орталығының, атап айтсақ акт зал, кітапхана және басқа да кабинеттердің жөндеу жұмыстарын тексерді. ҚБМ Басқармасы мердігерлердің баяу жұмыс қарқынын сынға алды және қалған жұмыстарды жауапкершілікпен, қысқа мерзімде аяқтауға нақты тапсырмалар берді.

Одан соң басшылық №1 және №2 мұнай өндіру цехтарына қарасты 12-А және 27-А топтық өлшеу қондырғыларының (ТӨҚ) операторлық пункттерінің құрылыс барысымен танысты. Мұнда жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, 12-А ТӨҚ аумағындағы операторлық пунктте қабырғалар тұрғызылып, еден төселген. Ал, екінші объект 27-А ТӨҚ-ның металл жақтаулары дәнекерлеу сатысында.

 

Екі нысанның да аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. Аталмыш пункттерді ашу өндірістік процестерді жедел басқаруға мүмкіндік беріп, мамандар жұмысын оңтайландырады.