К 30-летию Независимости Казахстана | 12 ақпан 14:32

«Қаражанбасмұнай» биыл су тұшыту зауыты құрылысын аяқтайды

«Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы кен орнында 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуде Қоғам президенті Ли Тецян жұмысшыларға компанияның негізгі өндірістік, қаржылық, тұрмыстық көрсеткіштерін таныстырып, алдағы жоспарларын айтты, деп хабарлайды SKnews.kz компанияның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Есеп беру кездесуіне компанияның бірінші вице-президенті Қуанышбай Нұрғалиев, «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айтбай Кужухов, негізгі департамент басшылары қатысты. Алғашқы боп сөз сөйлеген Ли Тецян 2020 жыл әлем бойынша сынаққа толы, экономикалық тұрақсыздық болғанын атап өтті. Осыған орай дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынып, 18,8 млрд теңге оңтайландырылды. Оған қоса компания жұмыс орындарының сақталып қалу үшін барлық шараларды қолға алды.

«ОПЕК+ келісімі аясында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, жер қойнауын пайдалануға қатысты тиісті шектеулер енгізуіне орай, мұнай өндіру көлемі 2 002 мың тоннаны құрады. Мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, Қоғам 45 607 млн теңге көлемінде салық төледі», – деді Ли Тецян.

2020 жылы Қаражанбас кен орнына арналған ЖБГҚ-23 үлгісіндегі алты жаңа заманауи бу генераторы іске қосылды. Компания Отандық өнімді қолдау қолдау мақсатында «Эко Экспресс Ақтөбе» ЖШС-мен екі жылжымалы ықшам бу генератор қондырғысын жеткізуге келісім шарт жасады.

Ресурстық базаны арттыру, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, кәсіби және жеке дамуға мүмкіндік жасау – маңызды мәселе боп қала бермек.

 

Өткен жылы кен орнында №3 МӨЦ-нің кеңсе ғимаратының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, тұрмыстық жағдайды жақсарту мақсатында 150 орындық жаңа жатақхана ашылды.

Сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ персоналды басқару саласына жаңа бағдарлама енгізді. Соның аясында өткен жылдың желтоқсан айында «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Шахмардан Есенов атындағы КТжИУ» КЕАҚ студенттерді өндіріске аса қажетті 5 мамандық бойынша тәжірибеге бағытталған оқыту жөнінде пилоттық жоба жасау туралы меморандумға қол қойды.

Тағы бір жаңалық - жұмысшылардың қабілетін анықтап, жұмыс орындарын алмастыруға бағытталған ротация бағдарламасының жүзеге асуы. Оған қоса компания жергілікті кәсіподақпен тығыз жұмыс істейді. Осыған орай өткен жылы көп балалы жұмысшылардың еңбек демалысы күніне өзгеріс енгізу туралы қосымша келісімге қол қойылды.

«2020 жылы Қаражанбас кен орнын игеру жұмыстары басталғанына 40 жыл толды. Бұл бәріміз үшін ерекше оқиға. Қырық жыл бойы жүргізілген қарқынды жұмыс арқасында Қаражанбас ірі кен орнының біріне айналды. Бұл жетістік жолында әр жұмысшының ерен еңбегі жатыр», – деді басқарма өкілдері.

 

2021 жылы Қоғам алдында су тұшыту зауытының құрылысын аяқтау, Қаражанбас компаниялар тобын интеграциялау сияқты маңызды стратегиялық жобалар тұр.

Есеп беру кездесуі соңында жұмысшылар басшыларға сұрақ қойып, пікір білдірді. Өз кезегінде Қоғамның Басқарма өкілдері көздеген мақсатқа жету жолында ұжымды сапалы жұмыс істеуге шақырды.