К 30-летию Независимости Казахстана | 18 сәуір 08:20

Қаражанбасмұнай кәсіподағы көп балалы отбасына үй сыйлады

«Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподағы тағы бір отбасын бақытқа бөледі. Бұл жолы мұнайшылардың қолдауымен Форт-Шевченко қаласындағы көпбалалы отбасы жаңа үйдің кілтін алды.

Нұргүл Хамзина бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Тұңғышы 14, ал кішісі 7 жаста. Отбасы бірнеше жылдан бері жалдамалы пәтерлерді паналап келген. Осы уақыт ішінде Нұргүл аула сыпырушы болып жұмыс істеп, нәпақа тапқан. Жалғызбасты ана перзенттерімен бірге қасиетті айда 5 бөлмелі үйге қоныстанғанына дән риза.

«Кең үйде, алаңсыз күн кешу баспанасыз жүрген әр адамның арманы. Біз үшін де бұл қол жетпестей көрінетін. Бізге үй сыйлаған Қаражанбас кәсіподағы мүшелеріне алғысымыз шексіз», – деді Нұргүл Хамзина.

 

Жаңа баспанада барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ кәсіподақтың жомарт мүшелері Нұргүлдің шаңырағына қажетті жабдықтар мен азық-түлік табыстады. Ал қайырымдылық шарасының шарапатын көрген отбасы берекелі баспанада әлі талай мерекелі күн болатынынан үмітті.