К 30-летию Независимости Казахстана | 16 қыркүйек 10:04

Қаражанбасмұнай Қарлығашы

Айына бірнеше рет мыңдаған мұнайшыны кен орнына тасымалдау – асқан ұйымдастырушылық шеберлікті талап ететін іс. «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның көлік басқармасы аталмыш міндетті жауапкершілікпен атқарып, жұмысшылардың еркін қозғалысына жауапты. Басқарма мамандары вахта ауысымынан бөлек, кеңсе қызметкерлерінің көлікпен қамтылып, уақытылы тасымалдануын жүзеге асырады.

Қарлығаш Бадырованың өміріндегі 20 жыл қаражанбастықтармен тығыз байланысты. Аға диспетчер ҚБМ-дағы көлік қозғалысын реттеп, автомобильдердің сантиарлық һәм техникалық талаптарға сай болуын қатаң қадағалайды. Кен орнына шалғай ауыл мен аудандардан келетін автобустардың уақытылы жүруі мен қызметкерлер қауіпсіздігі – оның жұмысындағы басты ереже.

«Ел игілігіне еңбек ететін мұнай өндіру саласы қызметкерлерін көлікпен қамту мен үшін мәртебелі қызмет. Мен үнемі жолға шыққан әрбір жұмысшының амандығын тілеп отырамын. Олардың діттеген жеріне уақытылы, қауіпсіз, ыңғайлы жетуін ұйымдастыруға барымды саламын», – дейді Қарлығаш Бадырова.

Аға диспетчер күн райы құбылған шақта көлік қозғалысының қиындайтынын айтады. Дегенмен білікті мамандар барда алаңдауға негіз жоқ. Өз ісінің шебері саланың дамуы жолында атқарған абыройлы қызметі үшін талай марапатқа ие болған. Ақтау мен Қаражанбас арасындағы «алтын көпірдің» көлік қозғалысын реттеуші үшін ең басты мадақ – мұнайшылар алғысы.