К 30-летию Независимости Казахстана | 14 сәуір 15:30

Қаражанбасмұнай: Қасиетті айдағы қайырымды іс

«Бірлік» «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасады. Мұнайшылар Тұщықұдық ауылында тұратын мұқтаж отбасыға 6 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Алпысты алқымдаған Таңатар Сүйінішовтің отбасы отыз жылдан астам уақыттан бері ауылдағы қажетті жағдай жасалмаған, мүлдем жөндеуден өтпеген ескі үйде тұрған. Жұбайы, бала-келіні, олардан тараған 5 немере мен кенже ұлы қысы-жазы су тасып, күн суытса от жағып жылынады екен. Енді олар жанашыр жандар сыйлаған жаңа үйге көшіп, қиындықтың бәрі артта қалғанына сене алар емес.

«Соңғы жылдары жұбайымыз екеуміздің денсаулығымыз нашарлап кеткендіктен, ұлымыз ғана жұмыс істейді. Осы күнге дейін үйіміз суық, табиғи газ бен жылусыз, сусыз отырдық. Бала-шағаның несібесі болар, қаражанбастық мұнайшылар қасиетті айда баспана сыйлап жатыр. Алғысымыз шексіз», – деді отағасы.

 

«Бірлік» кәсіподақ мүшелерінің бірлесе сыйлаған жаңа үйі жарық, жылы әрі кең. Баспана қажетті кейбір техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Көп балалы отбасы жомарттық танытқан мұнайшыларға қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.

«Мүмкіндік болса мұқтаж жанға, жыл он екі ай бойы қолыңнан келген көмекті аямау қажет. Біздің кәсіподақ былтыр да шетпелік көпбалалы отбасыға баспана сыйлаған еді. Қарттарымыздың аман әрі бақытты болуын тілейміз», – деді кәсіподақ басшылығы.

 

Жаңа үйге кірген мұқтаж жандардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе балалар кең үйде асыр салып ойнайтынына дән риза. Игі шара соңында отбасыны жаңа баспанамен құттықтауға келгендерге ауызашар берілді.