Көшет отырғызу үшін өңірдің құрғақ климатына бейімделген сан алуан ағаш түрлері таңдап алынды. ҚБМ қызметкерлері жасыл желектерді үнемі күтім жасауға ниетті – бұл үшін компанияда жауапты департтаменттер тағайындалды. Олар ағаштарды суарып, өңдеп, олардың жағдайын бақылап отырады.
«3 мың түп көшет еліміздің тарихи межесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының символы болмақ. Біз туған өлкемізді көгалдандыру ісіне өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Бұл нысандар кездейсоқ таңдалмады. Әр ағашты күтіп баптайтын боламыз. Компания қағидаттарының бірі қоршаған ортаға ұқыпты қарау болып табылады, сол себепті біздің ұжым осы сияқты экологиялық шараларға жіті назар аударады», – деді ҚМБ бірінші вице-президенті Қуанышбай Нұрғалиев.
Мұнайшылар әлеуметтік маңызды нысандармен қатар кен орынды абаттандыру жұмыстарымен де белсенді айналысты. Мұнда да жасыл көшеттер егілді, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды, сәулет және әлеуметтік нысандардың келбеті жаңартылды. ҚМГ экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету маңыздылығына ерекше мән беретінін атап өткен жөн.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Еліміз декарбонизацияға бет бұрды. Бұл бағытта парник газдарының шығарылуын азайту жөніндегі ең елеулі шаралардың бірі – көгалдандыру. Біз аталған бағытты толық қолдаймыз және өз өндірістік нысандарымызда ғана емес, өңірлердегі елді мекендердің аумақтарында да көміртек ізін азайту шараларын атқарып жатырмыз», – деді ҚМГ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов.
Осы жылы ұлттық компанияның барлық еншілес кәсіпорындары бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық жобалар мен шаралардың жүзеге асырылуы жоспарланып отыр.