Мұрат Манов ғұмырының 30 жылға жуық уақытын еліміздің ішкі істер қызметі саласына арнаған маман. Соңғы 10 жылдан астам уақыт көлемінде ҚБМ-ның ішкі қауіпсіздік бағытындағы қиын да қызықты қызметін асқан жауапкершілікпен атқарды. Қызметтегі жылдары кәсібилік, тиянақтылық қасиеттерімен ұжымға үлгі болған ол, Қоғамның дамуы мен өркендеу тарихына өз қолтаңбасын қалдырды.
«Талай жыл еткен еңбектің жемісін көретін зейнеткерлік – бағалай білген адам үшін өте құнды кезең. Осынау керемет шақты отбасыңызбен, жақын-жуығыңызбен мәнді де мағыналы етіп өткізуіңізге тілектеспіз. Бала-шағаңыздың қызығын көріп, адамгершілік пен кемеңгерлікті мәңгі серік етіп жүре беріңіз!», - деді ҚБМ Бас директоры М.Елеусінов.
Өз кезегінде Мұрат Манов жүрекжарды лебізін арнаған ұжымға бірлесе атқарған абыройлы қызметі үшін риясыз рақмет айтты. Сондай-ақ ол компаниядағы қауіпсіздік қызметінің жұмысы одан әрі де жан-жақты дамитынына сенім білдірді.