Кен орнына жұмыс сапары аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ басқармасы көлік қызметкерлеріне жылжымалы бу генераторлық қондырғы мен 8 тоннаға дейінгі жүктерді көтеретін автокран-манипулятордың кілтін табыс етті.
Жаңа арнайы техникалар өндіріс тиімділігін арттыруға және көлік басқармасының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жұмысшылар жаңа техниканы қуанышпен қабылдады және ТКБ-ын тиімді және кезең-кезеңімен жаңғыртқаны үшін компания басшылығына алғыс білдірді.
«Автопаркті жаңарту жұмысты жедел әрі жеңіл орындауға мүмкіндік береді. Әрбір көлік құралы өндіріс процесінде үлкен рөл атқарады. Осының барлығы интеграцияның сәтті жемісі деп санаймыз», – деп атап өтті ТКБ қызметкерлері.
Айта кету керек, бұл көлік басқармасын жаңғырту аясында басталған жұмыстың жалғасы. Бұған дейін ТКБ автопаркін автобус, автогидрокөтергіш және екі 25 тонналық автокран толықтырды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше ондаған көлік құралын пайдалануға беру жоспарланып отыр.