Шыңғыс Мәтенов 40 жылға жуық уақыт бұрын еңбек жолын қатардағы мұнай өндіру операторы болып бастаған. Бұл Қаражанбас қанат жайып, өндіріс жанданған шақ еді. Ұңғымалар саны мен мұнай өндіру көлемі артқан жылдары, ол шебер қызметін де атқарған. Кейін МТЖБ-на ауысып, бүгінде тиеу-түсіру жұмыстары бойынша учаске басшысы болып еңбек етіп келеді.
«Қаражанбастың кешегісі мен бүгінгі деңгейі жер мен көктей. Бұрынғыға қарағанда қазір техникалық, заманауи технологиялық мүмкіндік мол. Өз ісінің майталманы атанған білікті мұнайшылар арқасында еліміздің маңдайалды компанияларының біріне айналдық. Бірақ, бұл біздің шың емес. Әлі де дамып, үздік атану үшін талмай тер төгеміз. Тағдырымның Қаражанбаспен тоғысқанына шексіз ризамын», – дейді Шыңғыс Мәтенов.
Кәсібінің нәсібін көріп келе жатқан азамат биыл алпыстың асуын бағындырмақ. Отбасында үлгілі әке, өндірісте беделі биік мұнайшы «Адал еңбек асқар асуға жеткізеді» деген ұранды ұстанады. Компанияның қоғамдық-әлеуметтік өміріне де белсенді араласатын Шыңғыстай жауапты жұмысшылар барда, өндіріс өрге басары анық.