Несібелі Алагузова өнегелі еңбек жолын бу өндіру цехында химиялық су тазарту аппаратшысы болып бастаған. Кейін қызметін орталық кеңседе жалғастырып, ҚБМ-ның әрбір шығыс құжатын байыппен бақылап, ұқыпты қарау арқылы компаниядағы құжат айналымы жұмыстарын жүргізуге сүбелі үлес қосты. Өз ісіне асқан жауапкершілік танытып, жылдар бойы жинаған тәжірибесі арқасында ол қатарға қосылған жас мамандарға тағылымды тәлімгер болды.
«37 жыл - бұл бір адамның ғұмырымен пара-пар. Осыншама жылды танымсыз еңбекке арнағаным үшін абыройымды арттырып, құрметке бөлеп жатқан басшылық пен әріптестерге мың алғыс! Қаражанбас біздің ортақ еңбегіміз сіңген сүйікті компания! Кәсіби білікті мамандар барда жұмыс өрге басып, сәтті жалғасатынына кәміл сенемін!», - деді Несібелі Алагузова.
Несібелі Кенешқызы асыл жарымен бірге қос ұл өсіріп, қазір 6 немере тәрбиелеп отырған ардақты әже. Енді оны отбасы және перзенттерінен тараған ұрпақпен өткеретін маңызды әрі қызыққа толы жылдар күтіп тұр.