Жаңа Ұжымдық шартта барлық әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер сақталған. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен берілетін өтемақыларға, оның ішінде мұнайшылар мен олардың отбасын емдеуге және сауықтыруға арналған шығындарға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар бойынша 57 жаңа пункт енгізілді. Атап айтқанда, жұмысшылар мен олардың балаларын оқытуға жұмсалатын қаражат мөлшері артты, ҚР Конституциясы күніне орай сыйақы көлемі белгіленді. Сондай-ақ, жұмысшының өзі ғана емес, отбасының бір мүшесі ауырған жағдайда да дәрі-дәрмекке ақы төленеді.
Оған қоса, медициналық тексеру қорытындысына сәйкес жылына бір рет Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен, Ауған соғысының және Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан жұмысшылар үшін сауықтыру кешендеріне тегін жолдамалар беру пунктінде толықтырулар бар.
«Бүгін біздің ұжым үшін ерекше күн. Еңбек жағдайын жақсарту - біз үшін маңызды міндет. Сондықтан біз әрқашан жұмысшылардың пікірі мен ұсыныстарын ескереміз. Жаңа Ұжымдық шартқа енгізілген пункттер мұнайшылардың жағдайын одан әрі жақсартады деп сеніммен айтуға болады», – деді ҚБМ басшылығы.
Жаңа Ұжымдық шарт 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Айта кету керек, интеграциядан кейінгі стратегиялық маңызды құжат біртұтас ұжымның мүддесіне сай келеді. Оған қоса ол бірқатар перспективалы бағыттар мен жобаларды іске асыруға негіз болады.