К 30-летию Независимости Казахстана | 19 мамыр 16:11

Қаражанбасмұнайда «Жас маман күні – 2023» жобасы басталды

Тұлғалық даму, ұжымдық рух, болашаққа нық қадам. «Қаражанбасмұнай» АҚ-да дәстүрге айналған «Жас маман күні» жобасы басталды. Биылғы шараның басты ерекшелігі – жоба «Жас мамандар» кеңесінің 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Компаниядағы жастар саясаты мен корпоративтік құндылықтарды нығайтуға бағытталған шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарының өкілдері, «Жас мамандар» кеңесінің түлектері мен компанияның 35 жасқа дейінгі 100-ден астам мұнайшысы қатысып жатыр.

Олар екі күн бойы кәсіби мамандардан дәріс алып, командаларға бөлініп, зияткерлік және спорттық сайыстарда бақ сынайды. Ашылу салтанаты барысында ҚБМ басшылығы қатысушыларды шараның басталуымен құттықтап, жалынды да жігерлі жастардың компаниядағы рөлі зор екенін ерекше атап өтті.

«Жастар тек қана компания емес, еліміздің ертеңіне жауапты жандар. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, бастамаларын қолдау біз үшін аса маңызды. 10 жыл ішінде ҚБМ жастары өңірдің түрлі қоғамдық-әлеуметтік шараларында белсенділік танытып, азаматтық ұстанымдарын көрсетіп келеді. Игі істер алдағы уақытта да жалғасын табанынына сенеміз», – деп атап өтті ҚБМ басшылығы.

 

Жобаның алғашқы күні 4 бағыт бойынша коучтер мен бизнес-тренерлер жүргізген оқытудан басталды. Танымал спикер Аслан Қанатов ресурстарды жоспарлау, бюджеттеу және қаржылық сауаттылық тақырыбында дәріс оқыды. Ал, психолог Сымбат Абдрахманова жас мамандарға жеке тиімділік туралы айтса, кәсіби коуч Әсел Мұратова ұжымдағы эмоционалдық интеллект тақырыбына тереңірек тоқталды. Өндіріс жұмысшылары үшін басты талап саналатын қауіпсіздік мәдениеті жайлы эксперт Рыскүл Мұсабаева дәріс оқып, тыңдаушылар қауіпсіздік ережелерін тағы бір пысықтап алды.

«Жас маман күні» жобасы арқылы білімімізді шыңдап, адам ретінде де, маман ретінде де мол мағлұмат алдық. Бұл тренингтерден де түйгеніміз кәдеге жарайтынына кәміл сенеміз. Бұдан бөлек ұжымдастарды жаңа қырынан танып, бірлігіміз нығая түсті», – дейді жоба қатысушылары.

 

Жас мамандар тәжірибелі лекторлар дәрісін кешкі Каспий жағалауындағы қызықты интерактивтік ойындармен түйіндеді. Осылайша қаражанбастықтардың сүйікті жобасына айналып үлгерген «Жас маман күнінің» алғашқы бөлігі сәтті аяқталды.