К 30-летию Независимости Казахстана | 13 сәуір 11:06

Қаражанбасмұнайда «жасыл кеңсе» қағидасы енгізілді

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да экологиялық таза жұмыс істейтін кеңсе принципі енгізілуде. «Жасыл кеңсе» жобасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жариялаған Экология жылы аясында жүзеге асып отыр.

Эко-кеңсе принципі электр энергиясын, суды, қағазды тиімді пайдалану және үнемдеу, артық сатып алудан бас тарту, қауіпсіз құралдар мен технологияларды, энергия үнемдейтін шамдарды пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге тапсыру сияқты бірнеше кезеңді қамтиды. Қоғам алдымен кеңсенің әр қабатына эко-бокстар орнатып, макулатура жинауды бастады. Бұл бокстар арқылы жылына 2- 3 тонна макулатура жинауға болады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 1 тонна қағаз қалдықтарын қайта пайдалану 10 ағашты, 1000 киловатт энергияны, 20 мың литр су мен 30 адамға жететін оттегін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«Кеңсе қуатын үнемдеу үшін жұмыс күнінің соңында шамдарды өшіріп, құжаттарды электронды түрде сақтап, жарамсыз қағаздарды, газеттерді сұрыптап жүрсек жеткілікті. Жұмысшыларымыз осы бастаманы барынша қолдап, орындалуына үлес қосқанын қалаймыз», – деді «Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Жомарт Исламғазиев.

Қоғам аталмыш принципті кезең-кезеңімен іске асыруды жоспарлап отыр. Жасыл кеңсе қағидаты кен орны мен Ақтау қаласындағы материалдық-техникалық жабдықтау базасында да енгізілуде.