К 30-летию Независимости Казахстана | 12 қазан 10:30

Қаражанбасмұнайдың елуден астам қызметкері марапатқа ие болды

Кәсіподақтар күніне орай Қаражанбас кен орнының мәдени-демалыс орталығында ІІ вахта жұмысшыларына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.

Алдымен ҚБМ Басқармасы мен қос кәсіподақ төрағасы мұнайшыларды мерекемен құттықтап, атқарып жүрген адал қызметіне табыс тіледі.

Одан соң 50-ден астам жұмысшыға салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі мен ұйымның дамуына қосқан үлесі үшін марапаттар табысталды. Қаражанбастықтар Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы, ҚБМ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы атынан медальдар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.

 

Салтанатты шара мереке қарсаңында өткізілген спорттық жарыстар жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты. ІІ вахта мұнайшылары арасынан шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, бильярд, арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру бойынша үздіктерге мақтау қағаздары, кубоктар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.

Жарқын мереке өлке өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жарасым тапты.