Басқосуда елде атом электр станциясын салу жобасының артықшылықтары мен қоршаған ортаға қауіпсіз тұстары талқыланды. Қаражанбас – Маңғыстаудың Бозашытүбегінде орналасқан ірі кәсіпорын. Қаражанбас мұнайының құрамында жол битумын өндіруге қажетті шикізат мол. Кен орны өз қызметін тоқтаусыз жалғастыруы үшін энергия қауіпсіздігі аса маңызды. Сондықтан елімізде атом электр станциясын салу – уақыт талабы дейді мұнайшылар.
Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Қазір барлық өңірде халыққа түсіндіру шаралары жүріп жатыр. Сенаторлар референдумның өткізілуі келешек Қазақстанда энергия тапшылығын жоюға бағытталған шаралардың алғашқысы екенін жеткізді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша бізде қазір 3 млрд киловатт сағатына дейін энергия тапшылығы сезіліп тұр. Мемлекет басшысы осы мәселені халықтық референдумға салып, шешуді ұсынып отыр. Аталмыш мәселені бүгін біз мұнайшылармен бірге талқылауға арнайы келіп отырмыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.
Айта кету керек, Маңғыстауда еліміздегі атом электрстанциясы құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штаб жұмыс істеп тұр. Оның құрамында саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен энергетика саласының мамандары бар. Бүгінде штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесіп, көпшілікті толғандырған сауалдарға тұщымды жауап беріп жүр.