«Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы цехтар мен бөлімше өкілдеріне жаңа мобильді ғимараттардың кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Дөңгелекті шассиге орналастырылған модульдік типтегі мобильді кешендер заманауи құралдармен жабдықталған. Олардың әрқайсысында компьютер, газ сигнализаторлары, анемометрлер бар. Оған қоса тамақтану, арнайы киімді кептіру, демалу үшін қолайлы жағдай жасалған. Қыс кезінде ыңғайлы жұмыс істеу үшін едендерді жылыту функциясы қарастырылған.
«Интеграциядан кейін еңбек жағдайларын жақсарту және технологиялық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жанданды. Біз биыл 7 модульді мобильді ғимаратты пайдалануға беріп отырмыз, келесі жылы тағы 7-еуін тапсыру жоспарлануда. Біз үшін жұмысшылардың жағдайын жақсарту аса маңызды», – деп атап өтті бұрғылау және ҰЖКЖ жөніндегі басқарушы директор Таңатар Жайман.
Мобильді ғимараттарды автоматтандыру арқасында бөлімшелер мен диспетчерлік пункт арасында жүргізілетін жұмыстар жедел жүзеге асырылмақ. Мұнайшылар оң өзгерістермен қатар, нәтижелі жұмыстың жемісін көріп жатқанына қуанышты.
«Біз заманауи жабдықтармен жабдықталған модульдік кешендер паркінің жаңарғанына ризамыз. Біздің әр топта 10 адам бар, 24 сағат бойы ауысыммен үздіксіз жұмыс істейміз. Маңызды мәселелердің оң шешімін тауып жатқан басшылыққа рақмет», – деп атап өтті шебер Дәурен Мырзабеков.
Технологиялық жарақтандыруды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, келесі жылы көтергіш агрегаттарды, гидравликалық құбыр кілттерін, апаттық жұмыстарды жүргізуге арналған құралдарды жаңарту жоспарланып отыр. Нәтижелі жұмысқа қолайлы жағдай жасау – табысқа жетудің төте жолы.