К 30-летию Независимости Казахстана | 09 шілде 09:28

Қаражанбаста кітапхана қоры 300-ден астам жаңа туындымен толықты

Қаражанбас кен орнындағы кітапхана – рухани байлықтың қайнар көзі. Ол 30 жылдан астам уақыттан бері сан түрлі әдебиеттің алтын қоры саналады. Мұнда жұмысшылар талғамына сай 6000-нан астам кітап ұсынылған. «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы мұнайшылардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасап, кітапхана жұмысын жаңғырту мақсатында кітап қорын 330-дан астам жаңа туындымен толықтырды.

«Біз кітапхананың тұрақты оқырмандарын жаңа кітаптардың таныстырылымына шақырдық. Олар мұндай толықтыруға дән риза. Өйткені біздің қызметімізде рухани даму аса маңызды. Кітаптарды аға буын да, жастар да оқиды. Осыған ерекше назар аударған басшылыққа рақмет», – деді кітапханашы Роза Торғаева.

Жұмыс ауысымынан кейін қаражанбастықтардың басым көпшілігі уақытын кітап оқуға арнайды. Кітапханадағы туындылар көркем әдебиеттен бастап, документалистика, ғылыми-танымдық, техникалық бағыт сияқты түрлі жанрларды қамтиды. Бұдан бөлек, кітапханада ақын-жазушылардың мерейтойы мен мемлекеттік мерекелер қарсаңында арнайы көрмелер өтіп, шараларға тұрақты оқырмандар ерекше қызығушылықпен жиналады.

 

Ал оқу залында компания мен төрткүл дүние ақпараттарынан хабардар ететін бірқатар газет-журналдар ұсынылған. Басылымдар ай сайын жаңартылып отырады. Оқырмандар арасында өз кітапханасынан әдеби шығармалар әкеліп, қорға қосатындар бар.

Қаражанбас кітапханасы – рухани байлық пен танымын арттырғысы келетін жұмысшылардың сүйікті орны. Мұнайшылар кітап оқудан бөлек, түрлі тақырып талқыға түсетін дөңгелек үстелдер мен пікірсайысқа белсенді қатысады.