«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысышыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің ұйымдастырған спорт додасы мереке ажарын аша түсті. Мұнайшылар екі күн бойы боз кілемде белдесіп, кір тасын көтеру мен арқан тартудан мықтыларды анықтады. Қатысушылардың әрқайсысы жеңісті қолдан бермеуге тырысып, өз цехы мен жанкүйерлер үмітін ақтауға барын салды.
«Құрбан айт – адамдарды қайырымдылық пен мейірімділікке, достыққа шақыратын мереке. Вахтада болсақ та, таң атысымен құрбандық шалып, мұсылмандық міндетімізді орындауға тырыстық. Спорттық жарыстар да тартысты өтті. Барлық еңбек ұжымын мұсылманның ұлық мерекесімен құттықтаймыз», – деді қаражанбастықтар.
Қорытындыға сәйкес, кір тасын көтеруден технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Қанжар Сыдықов үздік деп танылды. Қазақша күресте ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының бұрғышы көмекшісі Шалқар Жәңгірхан І орынға лайық деп танылды. Ал арқан тарту сайысында ТКД командасы шашасына шаң жұқтырмады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.