К 30-летию Независимости Казахстана | 12 желтоқсан 17:47

Қаражанбаста Тәуелсіздік күніне арналған спорт сайысы басталды

Қаражанбаста 16 желтоқсан - ҚР Тәуелсіздік күніне орай І вахта мұнайшылары арасында спорт сайыстары басталды. Жұмысшылар бір апта бойы кір тасын көтеру, шахмат, бильярд, үстел теннисі, арқан тарту, шағын футбол және волейболдан сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтайды.

Ең алдымен қаражанбастықтар кір тасын көтеруден жарысты. Өз цехының абыройын қорғауға келген жігіттер лайықты өнер көрсетіп, физикалық күшін паш етті. Нәтижесінде №2 мұнай өндіру цехының операторы Рауан Төлеуов үздік үштікті түйіндеді. Екінші сатыға технологиялық көлік департаментінің моторисі Марат Жанаев жайғасты. Ал қабат қысымын ұстау цехының операторы Жеңіс Джалдасов кіл мықты арасынан үздік атанды.

 

Мықтылар бәсекесі шахмат тақтасында жалғасты. Зияткерлік ойында мұнайшылар стратегиялық ойлау деңгейін көрсетті. Уақытты тиімді пайдаланып, тың әдістерді қолдану арқасында ІІІ орын қауіпсіздік және еңбекті қорғау тобының аға инженері Олжас Айтжановқа бұйырды. ІІ орынға жылу және сумен қамту цехының механигі Берік Төлеубай лайық деп танылды. І орынды MSC мердігер мекемесінің жұмыс есебін жүргізуші Ғамзат Төребеков қанжығалады.

 

Осылайша ұжым арасындағы доданың алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Сайыс кестесіне сәйкес қалған спорт түрлері бойынша жарыс әлі де жалғасын табады.