Мұнайшылар бағдарлама бойынша қол күрес, кір тасын көтеру, үстел теннисі, футбол және волейбол ойындарында бақ сынайды. Сондай-ақ олар шахмат, бильярд, тоғыз құмалақ сияқты зияткерлік спорт түрінен сынға түсе алады. Ашылу салтанатында өндірістік басқарма басшылығы қаражанбастықтарды келе жатқан мерекелермен құттықтап, сәттілік пен жеңіс тіледі.
«Алдағы мерекелерге орай арнайы кесте бойынша спорттың әр түрінен жарыстар бекітілді. Біздің мұнайшылар мықты физикалық дайындығымен ерекшеленеді және көбі байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Өндіріс пен спортты қатар алып жүру оңай емес, бірақ біз сіздерге сенеміз! Ұмытылмас әсер мен жеңісті күндер тілейміз!», – деді басшылық.
Командалар құрылған соң, қатысушылар ерекше талпыныспен жарысқа кірісті. Алдымен кір тасын көтеру, қол күрес, шахмат және бильярд сайыстары өткізілді. Осылайша мұнайшылар салауатты өмір салтын сақтап қана қоймай, жұмыс ауысымынан кейінгі бос уақытын тиімді өткізеді.
Мұнайшылардың мықты дайындығының арқасында алғашқы кезең тартысты өтті. Төзімділік пен жылдамдық сыналған сайыста үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар келесі кезеңде өз цехтарының намысын қорғамақ. Айта кетейік, жарыс екі вахта ауысымы жұмысшылары арасында наурыз айының соңына дейін жалғасады.