«Сіздер жұмыстарыңызды лайықты көрсете алатын өз ісінің шеберлерісіздер. Сондықтан сайыста жоғары нәтиже көрсететініңізге сенімдімін. Қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз», – деді ӨБ директоры Кәрім Бозахаров.
Сайыс мұнай және газ өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, электр газ дәнекерлеуші, ҰКЖ, ҰЖЖ бригадалары, химиялық талдау зертханашысы, машинист, токарь, моторист сияқты 14 мамандық бойынша өткізіледі. 250-ден астам мұнайшы өз күші мен білімін сынап көруге ниет білдірді. Олар 1 кезеңде өз лауазымдары мен қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша тест тапсырды.
«Байқауға алғаш рет қатысықандықтан, қатты қобалжыдым. Тестілеу қорытындысы бойынша бағдарлама автоматты түрде сенің нәтижеңді көрсетеді. Мен берілген 20 сұрақтың 20-сына да дұрыс жауап бердім. Нәтижеге өте қуаныштымын, дегенмен алдағы тәжірибе кезеңінде үлкен жауапкершілікті сезінемін», – деді мұнай дайындау және айдау цехының тауар операторы Руслан Құрманбаев.
Кәсіби шеберлікті дамытуға ықпал ететін сайыс жұмысшылардың жан-жақты таланттарын ашады және инновациялық идеяларды талап етеді. Бірінші кезеңде ең көп ұпай жинаған жұмысшылар, екінші - тәжірибе кезеңінде үздік атану үшін тартысқа түседі.