К 30-летию Независимости Казахстана | 29 қыркүйек 08:22

Каспийдегі «Саржа» теңіз терминалының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр

Үкіметте трансшекаралық хабтар желісін құру барысы талқыланды.

Қазақстан Орталық Азия мен Каспий өңірінде толыққанды көлік-логистикалық хаб болуға ниетті. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды және оны іске асыру үшін еліміздің айналасында, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Каспий шекараларында көлік-логистикалық және сауда тораптары құрылуда. Осы желіні құру бойынша жұмыс барысын бақылау үшін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, инвесторлар өкілдерімен, осы ірі жобалар іске асырылып жатқан өңірлердің әкімдіктерімен жедел штаб отырысын өткізді.

Каспий торабында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу жобасы толық қарқынмен және белгіленген мерзімде жүріп жатыр. Терминалдың қуаты – жылына 10 млн тонна, аяқталуы – 2030 жыл. Жоба аясында қуаты 1,5 млн тонна астық терминалы, қуаты 1 млн тонна жалпы жүк терминалы, қуаты 2 млн тонна әмбебап терминал, қуаты 5,5 млн тонна сұйық жүк терминалы және көлік-логистикалық орталығы (КЛО) салынады. КЛО, астық терминалы, жерүсті инфрақұрылымы құрылысының алғашқы кезеңдері аяқталды. «Ақтау» және «Құрық» порттарында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды.

«Semurg invest» ЖШС өкілі жалпы жүктердің терминалы жұмыс істеуге толық дайын екенін айтты: жақында алғашқы 10 вагон қабылданып, барлық қажетті теміржол салынып, кеме айлағы бар пирстер пайдалануға берілді. Мұның бәрі 2023 жылы Каспий маршрутының экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Серік Жұманғарин кеңесте атап өткендей, Каспий көлік торабының жобасы Мемлекет басшысының Челябинск қаласынан Иранға Қазақстан арқылы тез жүретін пойыздарға арналған теміржол магистралін салу туралы тапсырмасымен бірге қаралуы тиіс.

«Аталған магистральдің құрылысы – Еуразия кеңістігіндегі ауқымды кооперациялық жоба. Ол үшін “Бейнеу – Маңғыстау” теміржол желісінің және “Бейнеу – Шалқар” автомагистралінің учаскесіндегі “тар жерлерді" реконструкциялау қажет. Келесі кеңеске ҚТЖ Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, “Орск-Болашақ” теміржолының және оның инфрақұрылымының құрылысы бойынша нақты ұсыныстар дайындауы қажет. Біз тауарлардың кең номенклатурасы бойынша Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою алдында тұрмыз, біздің алдымызда Иранмен тауар айналымын $3 млрд-қа жеткізу міндеті тұр. Жеткізілетін негізгі тауарлар азық-түлік болмақ. Qaztrade сауда саясаты орталығы өз тарапынан Иранға дейін астық экспорттаушыларды қолдау тетіктерін пысықтауы қажет», — деді вице-премьер.