Қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – бұл қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасы, жауапкершілігі және күнделікті жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдыларының жиынтығы. Электроэнергетика саласында қауіпсіздік мәдениетінің маңызы өте жоғары. Себебі бұл салада жоғары кернеулі құрылғылармен жұмыс істеу, күрделі технологиялық жүйелерді басқару, апаттық жағдайлардың алдын алу сияқты жауапты міндеттер бар.
Қауіпсіздік мәдениетін арттыру ең алдымен білім беруден басталады. Осы орайда «KEGOC» АҚ «Шығыс ЖЭТ» филиалында қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша тұрақты түрде нұсқаулықтар, оқыту семинарлары өткізіліп тұрады.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда кері байланыс та маңызды орын алады. Қызметкерлер өз ұсыныстарын ашық айта алатын, қауіп туралы ескерте алатын орта қалыптастыру қажет. Бұл тек қана жазатайым оқиғалардың алдын алып қоймай, ұжым ішінде сенімділік пен бірлікті арттырады.
Техникалық құралдардың жағдайы да қауіпсіздік мәдениетінің бір бөлігі. Заманауи жабдықтарды пайдалану, оларды уақтылы тексеру және жөндеу – қауіпті азайтудың негізгі жолдарының бірі.
Қауіпсіздік мәдениетін арттыруда мотивация мен ынталандыру жүйесінің де маңызы зор. Қауіпсіздік талаптарын сақтаған, жауапкершілік танытқан қызметкерлерді марапаттау – олардың белсенділігін арттырады. Сонымен қатар, өндірісте қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау және талдау жүйесін енгізу де маңызды.
Қауіпсіздік мәдениетін арттыруда заманауи технологиялардың да рөлі артып келеді. Мысалы, цифрлық бақылау жүйелері, автоматтандырылған қауіпсіздік құралдары және арнайы мобильді қосымшалар арқылы қызметкерлердің жұмыс барысындағы әрекеттерін бақылауға және қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға болады. Бұл әсіресе электроэнергетика сияқты жоғары тәуекелді салаларда тиімді шешім.
Қауіпсіздік мәдениетін артыру нәтижесінде, «KEGOC» АҚ «Шығыс ЖЭТ» филиалында «тоқтау карталарын» қолдану артты.
Жалпы алғанда, қауіпсіздік мәдениеті – бұл бір реттік шара емес, ол ұйымның дамуымен бірге жетіліп отыратын жүйе. Әрбір қызметкердің қауіпсіздікке деген саналы көзқарасы қалыптасқанда ғана өндірістегі қауіп-қатерлер азайып, жұмыс тиімділігі артады.
Нұғыманов Мирхат Қуанбекұлы «KEGOC» АҚ «Шығыс ЖЭТ» филиалының еңбекті қорғау және өндерістік қауіпсіздік қызметі бастығы