Басқармада бұрын мұндай бөлек спорт ғимараты болмаған, тек жатақхананың ішінде арнайы бөлме қарастырылған. Енді, міне, қайнарлық мұнайшылар үшін спорт залы пайдалануға беріліп отыр.
Түрлі тренажерлер, жүгіру жолағы, турниктер секілді спорттық құрал-жабдықтармен қоса, бильярд, теннис ойындарына арналған үстелдер де мұнайшылардың саулығын күтуі, бос уақыттарын тиімді өткізуі мақсатында қызмет атқармақ.
Кен алаңындағы мұнайшылар қуанышына ортақтасқан «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұқанов жаңа залдың лентасын қиып, мұнайшыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Өз кезегінде қайнарлықтар да осындай жұмыстарды қолға алып, жұмысшылар үшін жағдай жасаған компания басшылығына алғыс білдірді.
Айта кету керек, осы секілді модульді спорт залдарын ашу жұмыстары биыл қолға алынып, қарқынды жүруде. Соның дәлелі – «Доссормұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармаларында жақында ашылып, пайдалануға берілген нысандар. Енді бұл қатарға қайнарлықтардың игілігіне жарайтын зал қосылды. Таяу уақыттарда «Жылыоймұнайгаз» және «Ембімұнайэнерго» басқармаларында да ашылады.
Келер жылдарда да осы секілді модульдік спорт залдарын қажеттіліктерге орай, кен алаңдарына орналастыру – жоспарда. Атап өтелік, бұл типтегі залдар – өте ыңғайлы. Жатақханадағы тынығып жатқан жұмысшыларға кедергі келтірмей, спортпен айналысуға мүмкіндік жасайды.