К 30-летию Независимости Казахстана | 16 маусым 16:41

«Қайырымды істер марафоны» аясында 400-ден астам жоба жүзеге асырылды

Марафонды ұйымдастыруға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ да қолдау көрсетуде.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қайырымды істер марафоны» аясында бүкіл Қазақстан бойынша қайырымдылық және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өтуде, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

«Қайырымды істер марафоны» аясында қазақстандықтар балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға арнап, 400-ден астам акция мен қайырымдылық жобаларын ұйымдастырды. Мысалы, Қарағандыда демеушілердің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін робототехника мектебі, сондай-ақ Мейірімділік мектебі ұйымдастырылды, онда балалар қоршаған ортаға ұқыпты қарау, экология мәселелері туралы білім алуда.

Түркістан облысында да «Қайырымды істер марафоны» дәстүрі жалғасуда. Онда Төлеби ауданының балалар ауылының тәрбиеленушілеріне сыйлық жасалды: «Daryn.Online» білім беру платформасымен бірлесіп, жастар ресурстық орталығы барлық оқушыларға түрлі пәндер бойынша тегін жылдық курстар ұсынды.

Жалпы, 2021 жылдың 16 маусымына «Қайырымды істер марафоны» республикалық жобасы аясында жыл басынан бері 7 мыңнан астам қайырымдылық және волонтерлік іс-шаралар іске асырылды. 160 мыңнан астам мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілді.

Марафонды ұйымдастыруға 100-ден астам ұйым, соның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ, «Верный капитал» компаниялар тобы, «ERG» және басқа да ірі компаниялар қосылды.