Жаз айларында Астана төрін дүбірге бөлеген «Қазақстан барысы» VIII республикалық аламанының жеңімпазы ұзақ жылғы еңбегінің осылайша жеміс бергеніне алдымен Алланың нәсіп етуімен, екіншіден «Самұрық-Қазына» қоры сияқты тараптардың жанашырлығының, қолдауының арқасында қол жеткізгенін жасырмады. Себебі баппен бірге бақтың қатар шабуы оңай мәселе емес. Тыңғылықты дайындық, күш-жігер қажет.
Алтын белбеу мен тайтұяқты және 25 млн теңгені олжалаған кейіпкеріміз кейінгі жылдары қазақ күресіне құмартқан, салауатты өмір салтын ұстанған жас толқынның көбейгенін айтады. Тіпті атан жілік, апай төс, белдескенінің жауырынын жер иіскетпей қоймайтын Қазақстан барыстарын үлгі тұтып, халқымыздың төл күрес өнеріне еркін күрес, дзюдо, самбо сынды ұқсас спорт салаларынан бет бұрғандар саны да жиілепті.
«Сайдың тасындай іріктелген кілең үздік қарсыластардың арасында талай жылдан кейінгі жеңістің дәмі тәтті болатыны анық. «Күш атасын танымас» дегендей, жас спортшылар да аянып қалмады. Оның үстіне еліміздегі территориясы ең үлкен өңір – қазыналы Қарағанды облысының даңқын аспандатқанымды мақтан етемін», - дейді бейбіт күннің батыры.
Халықтың ыстық ықыласымен, алғаусыз қолдауымен осындай биіктерді бағындырып, абыройға бөленгеннен кейін жауапкершіліктің де күшейетіні анық. Осы орайда, Ержан өскелең ұрпақ өнеге тұтатын азамат ретінде елдік дамудың бағыт-бағдарына үнемі назар аударып жүретіндіктен, Елбасының таяудағы жолдауын мұқият зерделеп шыққанын айтты.
«Мемлекет басшысы тұрмыс сапасы мен табыс көлемінің жоғарылуымен бірге аймақтарда бұқаралық спорттың кең таралуын талап етті. Нақты кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды міндеттегені жанды жадыратты. Жалпы ел басшылығының спортқа оң көзқарас танытуы қуантады», - деп сөзін түйіндеді халықаралық дәрежедегі Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.