К 30-летию Независимости Казахстана | 16 қаңтар 16:29

Қазақстан халқының неше пайызы ұшақпен қатынап жүр

Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан халқының неше пайызы азаматтық авиацияның қызметін тұрақты түрде пайдаланатынын айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат. 

- 2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 13,3 млн жолаушы тасымалдады. Демек, бір жылда Қазақстандағы 20 млн халықтың 66,5%-ы әуе тасымалын пайдаланды, - деп жазылған ресми мәліметте.

Басқаша айтсақ, әр авиа жолаушы бір жылда орта есеппен 1 947 шақырым жолды ұшақпен еңсерген.

- 2023 жылы жолаушылар айналымы 25 898,5 млн жолаушы/шақырым болды. 2023 жылы 1 адамға алғанда орташа есеппен 1 947 км келеді, - делінген жауапта.

Министрлік есеп жүргізу тәсілін келесідей түсіндіреді: 

- Көрсеткіштер «Көлік статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 15 шілдедегі №145 бұйрығының негізінде қалыптастырылады. Көлік статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.