К 30-летию Независимости Казахстана | 12 маусым 09:20

Қазақстан мен Конго мұнай-газ саласында ынтымақтастық орнатуға дайын

Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Конго Республикасы Президентінің стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі жеке өкілі Франсуаза Жолимен, сондай-ақ Конго Ұлттық мұнай компаниясының бас директоры Майксент Омингамен кездесу өткізді.

ҚМГ басшысы қазақстандық компанияның қызметі, соның ішінде ресурстық базаны кеңейту, өндіру тиімділігін арттыру және мұнай өңдеу мен мұнай-газ химиясын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Қазақстанда барлау мен мұнай-газ химиясына инвестиция тарту үшін реформалар жүргізілгені айтылды.

Өз кезегінде, Конго өкілдері өз елі Африканың мұнай-газ секторында көлемі бойынша үшінші жетекші мемлекет (Нигерия мен Анголадан кейін) екенін жеткізді. SNPC халықаралық компаниялармен (Total Energies, Chevron, Eni және т.б.) өзара тиімді қарым-қатынас орнатқан және энергетика саласындағы жобаларының мүмкіндігін барынша пайдалану үшін жаңа инвестиция тартуға ниетті.

Тараптар мұнай және мұнай өнімдерін сату, адам капиталын дамыту және басқа да бағыттарды қоса алғанда, мұнай-газ секторының түрлі салаларында өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚМГ мен SNPC  арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мәселесін пысықтауға келісті.