К 30-летию Независимости Казахстана | 11 шілде 10:31

Қазақстан мен Қытай Транскаспий дәлізі бойынша жүк тасымалын субсидиялауды талқылады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Цун Лянмен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қытай тарапының Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалын субсидиялау, екі ел арасында үшінші трансшекаралық темір жол жобасын іске асыру, сондай-ақ 52 өнеркәсіп жобасына байланысты өзара тиімді индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық тетігінің 20-шы отырысын өткізу мәселелері қаралды.

Қазақстандық делегация құрамы ҚР ИИДМ басшысы Марат Қарабаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әли, Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов, сондай-ақ Kazakh Invest ҰК АҚ басшылығынан тұрды.

«Қазір біз ТХКБ дамыту туралы келісімді әзірледік. Ол жақын арада Қытай тарапына мақұлдау үшін жіберіледі. Сонымен қатар халықаралық сауданы дамыту мақсатында біз Қытай – Еуропа - Қытай маршрут бойынша жүк тасымалын одан әрі субсидиялау мүмкіндіктерін анықтағымыз келеді. 2022 жылы жүк тасымалы көлемінің екі есеге ұлғаюы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сианьға сапары кезінде айтқан маршруттың болашағын растайды. Осы бағыттың маңыздылығын және оның халықаралық сауданы дамытудағы рөлін ескере отырып, біз Қытаймен ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенеміз», деді М.Қарабаев.

 

Әңгіме барысында тараптар 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында ТХКБ бағытында жүктердің экспорты 2,2 есеге өскенін атап өтті. Мұнай өнімдерінің экспорты 17 есеге, асбест 4 есеге және астық 2 есеге артқан.

Сондай-ақ Қытайдағы сапары барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мүдделі ұйымдар мен жергілікті іскерлік ортаның белсенді өкілдерімен кездескенін айта кеткен орынды.