К 30-летию Независимости Казахстана | 11 сентября 10:29

Қазақстан мен Қытайдың капитал нарықтары арасындағы жаңа көпірлер

Қордың басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Қытай мен Қазақстанның капитал нарықтарының интеграциясына арналған AFD панельдік пікірталасына қатысты.

 

«Unlocking Investment Flows: China-Kazakhstan Capital Market Integration» панельдік сессиясында спикер бірнеше негізгі мәселеге тоқталды:

Қытайдың капитал нарығы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық біртіндеп сауда мен инфрақұрылым шеңберінен шығып, инвестициялар мен капитал нарықтарын да қамти түсуде.

«Самұрық-Қазынаның» Қытайдың ішкі нарығына шығуы Орталық Азия үшін маңызды оқиға болды. Қор Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет панда-облигацияларын орналастырды. Облигациялар бойынша жылдық кірістілік 2,18%-ды құрады. Бұл қордың қаржыландыру көздерін әртараптандырып қана қоймай, қытайлық инвесторлардың жаңа базасына жол ашты.

«Қытай – Қазақстанның ең маңызды экономикалық серіктестерінің бірі, ал біздің ынтымақтастығымыз сауда мен инфрақұрылым шеңберінен шығып, инвестициялар мен капитал нарықтарын да қамтуда. «Самұрық-Қазынаның» жуықта алғаш рет Қытайдың ішкі облигациялар нарығына шығуы осы эволюцияның айқын мысалы. Ал қытайлық және азиялық инвесторлардың болашақта акциялармен жасалатын ықтимал мәмілелерге қатысуы серіктестігімізге тағы бір маңызды серпін береді», – деді Салтанат Сәтжан пікірталас барысында.

Жинақталған тәжірибе мен қытайлық инвесторлардың қызығушылық білдіруі қазақстандық компаниялардың келесі легінің нарыққа шығуын жеңілдетуі мүмкін. Бұл әсіресе ҚТЖ үшін маңызды, себебі оның бизнес-моделі Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы көлік байланысын дамытуға тікелей байланысты.

ҚТЖ-ның үш алаңда – Қазақстан, Лондон және Гонконгта – бір мезгілде листинг өткізу арқылы ықтимал IPO-ға шығуы инвесторлар базасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әр нарық өз инвесторлар тобына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, ал олардың бірлестігі сұраныс пен өтімділіктің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуі мүмкін.