К 30-летию Независимости Казахстана | 02 июля 11:39

Қазақстан Президенті Air Astana-ның бас атқарушы директорын қабылдады

Мемлекет басшысына Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші авиациялық топ саналатын Air Astana компаниялар тобының операциялық және қаржылық көрсеткіштері туралы ақпарат берілді. Президентке Air Astana 2026–2027 жылдары жеткізілуі жоспарланған жаңа буындағы Boeing 787 Dreamliner ұшақтарымен әуе паркін толықтыруды көздеп отырғаны туралы баяндалды.

Жаңа әуе кемелері заманауи интерьер мен борттағы интернеттің арқасында жолаушыларға жайлылықтың жаңа деңгейін ұсынады. Ауқымды даму стратегиясын іске асыру аясында Топ 2036 жылға дейін жеткізілетін Airbus A320neo және A321neo ұшақтары тобының 50-ге дейінгі әуе кемесіне, сондай-ақ қосымша 15-ке дейінгі Boeing 787-9 ұшағына тапсырыс берді.

Air Astana-ның бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға және Топтың халықаралық қатысу аясын кеңейтуге бағытталған компанияның ұзақ мерзімді даму стратегиясын таныстырды. Топ маршруттық желіні кеңейтуді, өз хабтары арқылы байланыстарды күшейту мақсатында рейстер жиілігін арттыруды, сондай-ақ операциялық тиімділік пен жолаушылар тәжірибесін жақсарту арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған цифрландыру бағдарламасын және жаңа технологияларды енгізуді жалғастырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуе паркін ұлғайту, маршруттық желіні кеңейту және транзиттік әлеуетті нығайту сияқты стратегиялық мақсаттарды тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.