Сонымен қатар, теміржол көлігімен экспорт-импорт көлемі 20 пайызға көтерілген. Астанада екі елдің 300-ден аса кәсіпкері бас қосқан бизнес-форумда қос елдің экономикалық қарым-қатынасы сөз болды. Келісім негізінде жалпы сомасы 2 миллиард доллар болатын бірнеше құжатқа қол қойылды. Жиында Қазақстанның сауда министрі Серік Жұманғарин біздің ел Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Биылдың өзінде маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар агроөнімдерді жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл біздің өзара іс-қимылмыздың шегі емес екеніне сенімдімін. Менің тапсырмам бойынша биыл қазақстандық бизнес өкілдері бар бірнеше делегация сол елге барып келді. Тәжікстанға жылы қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан күнбағыс майы, бидай және ұн экспортын арттыруға дайынбыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Қазір Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 98 пайызы шағын бизнес екен. Өз кезегінде Тәжікстанның вице-премьері Сулаймон Зиёзода екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын айтып, Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 100-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылып, жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Өнеркәсіптік кооперация салаларын кеңейтуге қолдау жасалып отыр екен.