Бұдан басқа, теміржол билетін вокзалдарда және олардың аумағынан тыс жерлерде орнатылған 30 мың өзіне-өзі қызмет көрсету автоматынан сатып алуға болады. Ұлттық оператор мәліметіне сүйенсек, интернет және өзіне-өзі қызмет көрсету автоматы арқылы алатын темір жол билеттерінің онлайн сату үлесі тұрақты өсу үрдісіндегі билеттің жалпы көлемінің 47 пайызын құрап отыр.
Биыл теміржол билеттерін сату жүйесін жетілдіру аясында бірнеше жаңашылдық жүзеге асты. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға bilet.railways.kz сайты арқылы жеңілдікке ие темір жол билетін сатып алу мүмкіндігі ұйымдастырылды. Сайт «Каспий Банк» АҚ процессингімен толықтырылып және билет кассаларында POS-терминал арқылы бұрын сатып алынған теміржол билетін қайтару кезінде жолаушы картасына ақша қаражатын автоматты түрде қайтару функциясы іске асырылды.
Сондай-ақ, «ҚТЖ билеті» мобильді қосымшасында саусақ ізі –Touch ID және Pin-код арқылы пайдаланушыларды сәйкестендіру функциясы іске қосылды. Міне, осындай заманға сай жаңа технологиялардың іске қосылуы билетсіздіктің алдын алудың алғышарты болып отыр. Жолсеріктер де заңсыздыққа жол беруден сап тиылған. Олардың да өз мүддесі бар. Яғни, жолсеріктерге жұмыстарын мінсіз атқарып, ешқандай ескерту алмаса, тоқсан сайын жалақыларына үстемеақы қосылады, бұдан бөлек үйлеріне қатынау үшін билетті 85% жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлерінің өз міндеттеріне адал болу, жауапкершілікпен атқару қасиеттерін жетілдіру мақсатында пойыз бригадалары арасында жыл сайын «Үздік бригада» байқауын өткізіп тұрады. Байқау жеңімпаздарына арналған арнайы ынталандыру сыйақысы бар. Салалық жарысқа қатысушылар бірнеше критерийден сүрінбей өтуі керек. Мәселен, алты ай ішінде бригада мүшелері, яғни бірде бір жолсерік ереже бұзушылыққа жол бермеуі керек, вагондары үнемі таза, жолаушыларға жайлы болуы керек, адам қауіпсіздігі және қауіпсіздік техникасы қатаң сақталып, жолаушылар тарапынан ешқандай шағым түспеуі тиіс.
Штаб-вагонда Ескерту кітабы болады. Бұл кітапқа жолаушылар өз шағым-арыздарын, алғыстарын жазып, сервисті жақсартуға қатысты пікір-ұсыныстарын білдіре алады.