К 30-летию Независимости Казахстана | 13 тамыз 15:34

Қазақстан темір жолында отбасылық сайыс өтті

ҚТЖ-да жылдағыдай «Әкем, анам және мен, біз – спортшылар отбасы» атты дәстүрлі байқау өтті. Оған еліміздің 18 өңірінен 22 команда қатысып, күш-жігері мықты отбасы атағын алуға таласты.

Негізгі қатысушылар – Магистральдық желі дирекциясы мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалдарының қызметкерлері. Іс-шараны өткізуге компанияның Әлеуметтік саясат департаменті мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ мұрындық болды.  

Отбасылардың бұрын бұл байқауға қатыспаған болуы – жарыстың басты шарты. Елорда іргесіндегі «Бейбарыс» демалыс базасында өткен байқау кезінде ауа-райы қолайсыз болып, нөсер жаңбыр жауғанына қарамастан спортты серік еткен теміржолшылар отбасылары жарыста өте белсенділік танытты. Жарыс барысында қатысушылардан мықтылықты, ептілікті, бейімділікті талап ететін түрлі тапсырмалардан тұратын 10 станциядан өту міндеті жүктелді. Нәтижесінде Қостанайдың Құсмұрын станциясынан келген Имақановтар отбасы оза шауып байқаудың 1-орнын жеңіп алды. 2-орынды Қарағандыдан келген Дардақовтар отбасы алды. Ал 3-орын қызылордалық Тәжібаевтар отбасына берілді.  

Жеңімпаз отбасылық команда – Имақановтар әулетінің отағасы Азамат – Құсмұрын жол дистанциясының жол шебері болса, отанасы Әсел – осы дистанцияның техникалық бөлімінің жол инженері қызметін атқарады. Ұлдары Әмір 13 жаста. Жұптардың одан басқа тағы бір баласы бар.  

– Байқауға алғаш рет қатысып тұрмыз. Кәсіподақ тарапынан бізге ұсыныс түсті. Себебі мен жеңіл атлетикадан Спартакиадаға қатысқанмын. Ұлым волейболмен айналысады. Жолдасым да спортқа жақын, әрі нағыз қара күштің иесі, жолшы. Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске жеттік, – деп қуанышымен бөлісті Әсел Имақанова.  

Барлық жеңімпаздар дипломдар және ақшалай сертификаттарға, кубоктарға ие болды. Бірінші орынға 120 мың теңгенің сертификаты берілді.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"