Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы бөлімшеге қарасты мекемелердің басын қосқан шараға аймақ жолының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер арнайы шақырылды. Олардың қатарында Ахмедияр Пірімбетов, Тұрсын Мәденова, Рахметулла Нұрымбетов, Махмут Майгелдиев, Ұлықпан Бақиев, Ораз Өмірзақов, Жахмет Аманжолов, Бақытжан Жолмырзаев, Нұрділда Орынбаев, Тәңірберген Ақпанов, т.б. болды.
Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ербол Сәулебеков ғасырдан астам тағлымды тарихы бар шойынжолдың дамуы кешегі-бүгінгі ардагер ағалар мен апалардың ерен еңбегінің нәтижесі екенін жеткізіп, өнегелі істері сала мамандарына мәңгі үлгі болатын аға буынға бүгінгі теміржолшылар атынан алғыс айтты.
– Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласында төккен тер, еткен еңбектеріңіз ешқашан ұмтылмайды. Сіздер салған соқпақ біздер үшін даңғыл жолдың бастауы болып саналады. Дендеріңізге сау, өмірлеріңіз сәнді де мәнді болсын, – деген бөлімше директоры Ербол Сәулебеков ардагерлерді «Қазақстан темір жолына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.
Сабырхан Сейілбекұлы
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"