К 30-летию Независимости Казахстана | 01 шілде 17:40

Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай турнир өтті

Теміржолшылардың салалық кәсіподақ ұйымы Жамбыл филиалының спорт нұсқаушылары Шу станциясында шағын футболдан тораптық жарыс ұйымдастырды.

Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай өткен турнирге 6 команда қатысты. Кіл мықтыларды жинаған ВП-36, ПЧ-50, ШЧ - 35, ПЧМ, ТЧЭ-30, ВЖДО командалары айналмалы жүйе бойынша сынға түсті.  

– Жалпы спорттың қай түрі болса да, жарыста алаң иелерінің фоварит саналатыны түсінікті. Әсіресе, футбол матчтарында командаларға өз алаңында өтетін кездесулердің көмегі көп. Сондықтан біз командалардан тартысты ойын өрнегін күттік. Бабы келіспеді ме, Шу белгі беру және байланыс дистанциясының футболшылары жартылай финалға жете алмады. Ал Шу локомотив пайдалану депосының командасы жарады, – дейді салалық кәсіподақ ұйымы Жамбыл филиалының спорт нұсқаушысы Евгений Тян.

 

Аса тартысты өткен жарыс қорытындысында үздік үштікті ТЧЭ-30, ПЧМ және ПЧ-50 командалары түйіндеді. Жүлдегерлер өз жеңістерін Қазақстан темір жолының 120 жылдығына арнады.

Жарысқа қатысушылар кубоктармен, грамоталармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Ардақ Үсейінова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"