К 30-летию Независимости Казахстана | 09 қараша 11:00

Қазақстан теміржолшылары Түркі елдері спартакиадасында жеңіске жетті

Өзбекстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне қатысушы елдер теміржол әкімшіліктерінің қызметкерлері арасында I Халықаралық спартакиада өтті, деп хабарлады Rail-news.kz.

Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан теміржолшыларының командалары үстел теннисі, шахмат, армрестлинг, гір спорты және арқан тарту сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетті.

Мұндай жарыстар теміржолшылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Нәтижесінде ҚТЖ командасы жалпы командалық есепте жеңіске жетті. Қоржында – 6 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль. Қазақстандық теміржолшыларға армрестлинг, гір спорты, шахмат және арқан тартыста тең келер қарсылас болмады.

Ұйымдастырушылар спартакиада кезінде елдер арасындағы достық қарым-қатынастың одан да берік негіздері қаланғанын атап өтіп, қатысушыларға көрсеткен белсенділігі үшін ризашылық білдірді.

Спорттық дағдылардан басқа ҚТЖ қызметкерлері керемет шығармашылық таланттарын паш етті. Магистраль мамандары елдің жоғары мәдени мұрасын көрсететін мерекелік бағдарлама ұйымдастырды.