К 30-летию Независимости Казахстана | 24 желтоқсан 17:46

Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған спартакиада өтті

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ комитеті ұйымдастырған тораптық жарыста теміржолшылар спорттың 4 түрі бойынша бақ сынасты.

Спорт нұсқаушысы Евгений Тянның айтуынша, Тәуелсіздік күніне және Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған спартакиада бірнеше станцияда өткізілген.  

– Тараз станциясында дартстан өткен жарыста тек теміржолшы қыз-келіншектер сынға түсті. Бәсі биік додада 1-орынды Клара Калдауова  жеңіп алды. Ал 2 және 3-орынды ШЧ-36 командасының мергендері Айгүл Керімбекова мен Айша Байболова иеленді, – деді спорт нұсқаушысы.

Ақыл-ойды дамытатын үстел үсті жарысының 2 түрі – шахмат пен дойбыда да бәсеке жоғары болған. Шахматта жүлделі орындарды Тұрарбек Жарас (ЭЧ Сарышаған), Түймебек Досбол («ЖРС» ЖШС), Алмаз Байжанов (ЭЧ Тараз) иеленді.  

Шаршы тақта алдындағы бәсекеде ардагер-теміржолшылар да қарсыластарына дес берген жоқ. Дойбыдан зейнеткер Виктор Устинов жеңіске жетсе, Асқар Қырымбаев 2-орыннан көрінді. Ал ВП-35 Тараз қалпына келтіру пойызының маманы Махат Байдалиев үздік үштікті түйіндеді.

Армрестлингте жүлделі орындар Тараз көлік оқу орталығының курсанты Жанболат Бопанов, Бексұлтан Әбдірахманов және Ақжол Әбішевке бұйырды.

Жарыс жүлдегерлері грамоталармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ардақ Үсейінова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"