К 30-летию Независимости Казахстана | 10 шілде 08:37

Қазақстанда Жас геологтардың олимпиадасы басталды

Алматы облысы Қонаев қаласындағы Республикалық «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығында Жас геологтардың I Республикалық дала Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

Іс-шараны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің геология комитеті, «Kazakhmys Barlau» ЖШС және «Жас геолог» корпоративтік қоры, сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі, Kazakhmys корпорациясы, «ERG» ЖШС, Kazzinc» ЖШС ұйымдастырған.

Олимпиаданың мақсаты – жастардың геология ғылымына қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсету. Сонымен қатар оқушыларды елдегі геоэкология және табиғи қазбаларды қорғау проблемасына назар аударту, Отансүйгіштікке баулу.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Олимпиадаға Қазақстанның барлық түкпірінен 16 команда мен 200-ден аса бала қатысып жатыр. Олар – 9-11 сынып оқушылары. Қатысушылар палеонтология, гидрология, радиометрия, минералогия және петрография, пайдалы қазбалар геологиясы салалары бойынша білімдерін сынайды. Жеңімпаз командалар грамотама, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«Геологияға деген қызығушылық тек ғылым ретінде емес, сондай-ақ экономиканың маңызды саласы ретінде қарастырылып, жас балалар үшін жетістіктерге жетіп, ғылыми жаңалықтар ашуға стимул болуы тиіс. Бұл олимпиада дәстүрлі түрде өтіп, жылдан-жылға жас геологтар санын көбейтуге сеп болады», – деді «Жас геолог» КҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалым Нұржанов.

Мұнымен қоса, жеке есептегі жеңімпаздар Satbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті және Сафи Утебаев атындағы мұнай және газ Атырау университетің геологиялық мамандықтарына грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болмақ.